Түтін басқан қала: Өскеменде халық тұншығып, ал сарапшылар ауа сапасының мониторингі сылбыр жүргізілетінін сынады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Қараша айы басталғалы бері Өскемен тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне қайта-қайта шағымданып жатыр. Ал соңғы күндері қаланы қою түтін мүлде тұмшалап алды. Тіпті алғаш рет экологиялық жағдайға байланысты оқушылар онлайн форматқа ауыстырылды. Осы ретте, Kazinform тілшісі экологтармен, дәрігерлермен, тұрғындармен және билік өкілдерімен тілдесіп, қалада ауа сапасының неліктен бұзылғанын және мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын біліп көрді.
Жарты ай тұншығуға мәжбүр
«ҚМЖ деген не?» деп өскемендіктерден сұраудың қажеті жоқ. Себебі жиі болатын қолайсыз метеорологиялық жағдайды кез келгені мектептегі үздік оқушыдай жатқа соғады. Соған байланысты қалада ҚМЖ кезіндегі іс-әрекет алгоритмі әзірленіп те қойған. Терезені ашпаңыз, көшеге шықпауға тырысыңыз, ал балалардың дене шынықтыру пәні мен басқа да түрлі шаралары ашық ауада өткізілмейді. Себебі жел соқпағандықтан өнеркәсіп кәсіпорындарының, көліктердің, қазандықтар мен пештердің зиянды шығарындылары ауада қалып қояды.
«Антициклон ауа қозғалысын бөгеп тастаған кезде біз климаттық тұзаққа тап боламыз. Бұған таулы рельефті, тымық күн мен инверсияны қосыңыз. Инверсия дегеніміз - ауаның жылы қабаты суық ауаны бітеп, ауа массаларының қосылуына жол бермеуі. Осының салдарынан барлық ластаушы газдар қала ішінде тұрып қалады. Күз бен қыс айларында ҚМЖ жиі болады. Ал оның ұзақтығы айына 5-тен 14 күнге дейін созылады», - дейді «Қазгидромет» РМК метеорологиялық болжау бөлімінің басшысы Любовь Бухтоярова.
Демек, жергілікті халық жарты ай бойы тұншығуға мәжбүр болып келеді. Бірақ кеше жұрттың сабыры сарқылып, жағдай ушығып кетті. Әлеуметтік желіде Өскеменді қою түтін тұмшалап алғаны көрінетін видеолар қарша борады. Тіпті ауаны қолмен ұстауға болады. Соншалықты тығыз. Бұндайда көлік жүргізу қауіпті. Себебі жол көрінбейді. Ал әуежайда таңғы рейстер кейінге шегерілді. Қалаға басқа аймақтардан келетін ұшақтарды да қонғызбады.
Оқушылар онлайн оқиды
Тұрғындардың тоқтаусыз шағымынан соң сең қозғалды. Тарихта алғаш рет Өскеменде ҚМЖ-ға байланысты мектептерде сабақ онлайн форматқа көшірілді. Бұған дейін тек аяз, көктайғақ пен қатты жел сияқты ауа райы жағдайларында ғана оқушылар мектепке бармайтын.
- Балаларға тиетін зиянды азайту үшін қаладағы барлық мектеп онлайн форматқа көшірілді. 27 қарашада Өскемендегі 64 мектепте екінші ауысымның соңғы екі сабағы қысқартылды. Ал 28-29 қараша күндері бірінші және екінші ауысымдағы 53 мыңнан астам оқушы қашықтан оқиды, - деп хабарлады қалалық білім бөлімінен.
Ауырып, ем іздеген халық
Сабақты онлайнға көшіру - бұл расымен де қажетті шара. Себебі ҚМЖ-дан қала халқының денсаулығы сыр бергелі қашан?! Осы айда емханаларға баратын халық саны 11 пайызға артып кеткен. Адамдар жүрек айнуына, тамақ пен бас ауруына шағымданып жатыр. Сарапшылар бұған ауаның ластануы себеп болып отырғанын айтуда.
- Бұл жай тұман емес. Себебі дем алу мүмкін болмай қалды. Далада сәл жүрсек жөтеліп, тамағымыз ауырып, көзіміз жасаурап шыға келеді. Түтін үйге де кіріп кетеді, - дейді өскемендіктер.
Дегенмен, химиялық заттардың әсеріне қатысты қойылып жатқан диагноз жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы биылғы респираторлық аурулар бойынша статистикаға талдау жасады.
- 2024 жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша, Өскеменде жоғарғы тыныс жолдарының патологиясы бар 72 мыңнан астам науқас емделген. Аурулардың халықаралық классификациясында «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы жоқ, - деп хабарлады басқармадан.
Дәрігерлерге классификацияның жоқтығы «тамақтың химиялық күйігі» диагнозын қоюға мүмкіндік бермей, қолбайлау болып тұр. Әйтпесе бір жылдан астам уақыт бұрын министрлік бұйрық шығарып, осындай диагноз қоюға рұқсат етілген. Дәрігерлер аурудың себебін қалай анықтау керектігін білмейді. Яғни, науқасқа суық тиді ме, әлде ҚМЖ-дан ауырды ма, айыра алмайды.
- ҚМЖ кезінде тұрғындарға далаға көп шықпауға, ашық ауада физикалық белсенділіктен бас тартуға және маска киіп жүруге кеңес беріледі. Сондай-ақ майлы тағамдарды көптеп жеп, тамағыңызды шөптен жасалған қайнатпалармен жиі шайыңыз, - деп кеңес берген облыстың бас терапевті Михаил Бугаицов басқа пікір айта алмады.
Осы ретте, халық арасында да өз білгенімен бөліскісі келгендер бар.
- Біз ҚМЖ күндері балалармен тек бал, лимон қосылған шай ішеміз. Қара зере майы да көп көмектеседі. Ауа дымқылдатқышты сатып алғанбыз. Соның арқасында үйде еркіндеу дем алуға болады, - дейді Согра шағын ауданының тұрғыны Айжан Сәрсенова.
Ауада не бар ?
ШҚО экология департаменті ауа сапасына жедел мониторинг жүргізіп жатыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 27 қарашада өлшенген заттар мен күйе шығарындысы бойынша рұқсат етілген шектен асып кету фактісі тіркелді.
- Бұл дерек «Қазгидромет» РМК жүргізген мониторинг нәтижелерімен де расталды. Сонымен қатар ауадағы көміртегі оксиді, PM2.5 және күкірт диоксиді бойынша зиянды шығарындылардың орташа тәуліктік шектен асқаны анықталды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Бірақ оның алдынғы күні «Қазгидромет» РМК мамандары ауаның ластану фактісі тіркелмегенін мәлімдеген-тұғын. Бұған өлшеу жұмыстарының қорытындысын қалқан еткен.
Экология департаменті болса, сол өлшемдердің белгіленген стандарттарға сәйкес жүргізілуін талап еткен. Ал қала тұрғындары құрғақ статистикаға мүлде сенбейді.
- Көшеде дем алу мүмкін болмай тұрса, сонда қалай ауаның ластану фактісі тіркелмейді?! Бұл ақылға қонбайды. Қашанғы көне береміз?! Бәрі жөтеліп, ауырып жатыр, - дейді наразы халық.
Әкімнің өзі жөтелді
Осы мәселеге қатысты өткен жиында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев өз сөзін ашық әрі қатқыл айтты:
- Көшеге шыққан кезде өзім де жөтелетіндіктен елге ауада зиянды шығарындылар рұқсат етілген шектен аспаған деп айта алмаймын. Жұрт өзі тұрып жатқан жерінде немен тыныстап жүргенін білуі тиіс. Сондықтан атмосфералық ауаның ластануын өлшеуге арналған барлық құралдың сертификатталғанына тексеру жүргізіледі. Желтоқсан айында өндірістік кәсіпорындармен екі жақты жасалған меморандумдардың орындалуы мен атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту жоспарлары қаралады, - деді ол.
Күмән бұлты қалың
Тәуелсіз сарапшылар бұл мәселеде ресми ведомстволардың берген мәліметтері жеткіліксіз деп санайды. Ауадағы ластаушы заттарды анықтауда олқылықтар да бар көрінеді.
- Ашығын айтқанда, қазір біздің ауада не барын да білмейміз. «Қазгидромет» станциялары 10-нан аз химиялық заттарды талдайтын қытайлық сенсорлармен жабдықталған. Бұл ең арзан құрылғылар болғандықтан олардың дәлдігі күмәнді. Сонымен қатар экология департаменті белгілі бір жерлерге ғана барып, сондағы ауаны бір рет тексереді. Бұл шөмеле шөптен ине іздеумен пара-пар. Сондықтан олар «шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісі анықталған жоқ» дей береді. Ал шын мәнінде бұл газдардың барлығы араласып, жаңа қосылындылар тудырады. Бұны ешкім бақылап отырған жоқ, - дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Дәулет Асанов.
Оның айтуынша, заманауи құрал-жабдықтар алу мен толыққанды зерттеулер жүргізуге қаржы тапшылығы кедергі болып отыр. ҚМЖ өтеді, халық тынышталады, ал жаңа сенсорлар мен ғылыми жұмыстарға бәз баяғыдай ешкім ақша бөлмейді.
Экологтардың құқығы шектеулі
Өскеменнің ластануына негізгі себеп болып отырғандар - өнеркәсіптік кәсіпорындар, автокөліктер мен көмір жағып отырған жер үйлер. Экологтардың мәліметінше, жылыту маусымында зиянды шығарындылар бірнеше есе артады. Кәсіпорындардың өздері де шығарындыларды тазартатын қондырғыларды жаңартуға асықпайды. Тіпті ҚМЖ күндері тексеруге келген мамандарды өз аумақтарына кіргізбей қояды.
Қала бойынша 58 өнеркәсіптік нысан бар. Оның ішінде тек «Қазцинк» компаниясы ғана экология департаментімен тікелей шығарындылар көзінде өлшеу жүргізу туралы меморандумға қол қойған. Бұл дәл мағлұмат алып, жағдайды шынайы бағалауға мүмкіндік береді. Қалған 57 кәсіпорынды кенеттен барып тексеруге хақымыз жоқ. Ең алдымен аудитті құқықтық статистика органдарында тіркеуіміз керек. Ал ол үшін тұрғындардан нақты шағым түсуі тиіс, - деп экология департаментінің басшысы Азамат Тәуірбеков экологтардың қауқарсыздығын жеткізді.
Жаңа Экологиялық кодексті дайындау кезінде олар міндетті тармақ ретінде жоспардан тыс тексерісті енгізгісі келген. Бірақ бұл норма құжат жобасында болғанымен депутаттар қолдау білдірмеді. Соның салдарынан экологтардың «қол-аяғы тұсаулы». Сөйтіп олар ауаны өлшеу нәтижелерін тек «Қазгидрометтен» алуға мәжбүр.
Кәсіпорындар не дейді ?
Қаладағы жағдайға қатысты ресми мәліметті «Казцинк» пен «Өскемен ЖЭО» ғана беріп отыр. Олардың шығарындыларына қатысты тексеру жүргізілген кезде рұқсат етілген шектен асу дерегі тіркелмеген.
- Экология департаментімен жасалған меморандумға сәйкес, ҚМЖ күндері біз өнімділікті 20 пайызға төмендетеміз. Бұған экологтар да куә. Біз кез келген тексеріске дайынбыз. Күкірт диоксидінің 96%-ын және шаңның 99,1%-ын шығармай жинап, утилизациялаймыз. Алдағы уақытта да экологиялық көрсеткіштерді жақсарту мақсатындағы жұмысты жалғастырамыз, - деп хабарлады «Казцинк» ЖШС-дан.
Күні кеше ғана әлеуметтік желіде аталмыш кәсіпорында болған апат туралы жарияланған видео да шындыққа жанаспайтын болып шықты.
Ал Өскемендегі ЖЭО-да ҚМЖ кезінде қуаттылықтың азайтылғанын мәлім етті. Нақты айтқанда, 37 пайызға. Бір қуантарлығы, күн райы да жылытып, осындай шаралар қабылдауға мүмкіндік беріп тұр. Ал қалған кәсіпорындар бойынша мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Стратегиялық жоспар қажет
Өскемендегі ҚМЖ қалыптасуы бұл жолы түйіні тарқатылмаған біршама түйткілдің бетін ашты. Атап айтқанда, экологиялық зерттеулерді қаржыландырудың аздығы, «тамақтың химиялық күйігі» диагнозының қойылмауы. Құзырлы ведомстволар ұсынатын мәліметтің шынайылығы мен дәлдігі де халықтың күмәнін туғызды. Шығарындыларды тазарту жүйелерін орнату - кәсіпорындардың қалтасына салмақ. Сол үшін де олар бұл қадамға барғылары келмейді.
Сондықтан экологтар мен қала тұрғындары бірауыздан «Өскеменге уақытша шешім емес, ауаның ластануымен күресудің стратегиялық жоспары қажет» дейді. Ол үшін заңға кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеруге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізу керек. Ал облыстық мәслихат депутаттары ауқымды тексерістерге бастамашы болмақ. Осындай батыл әрі нақты қадамдар болмаса «баяғы жартас - бір жартас» болып қала береді.
Себебі қазіргі уақытта қаладағы ауа сапасы ластанар шегіне жеткендей. Кеуде сарайын ашар таза ауамен дем алу - өскемендіктер үшін арманға айналды.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданған.
Экологтар тексеру жүргізген соң хлорсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі тіркелген.
Кеше тағы да өскемендіктердің ауа сапасына шағымданғаны хабарланды.
Бүгін қала мектептерінде оқушылар онлайн форматқа ауыстырылды.