Түтін тұмшалаған Өскемен: Экологтер тексеру қорытындысын жария етті

Фото: Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласы тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне шағымданған соң экологтер тексеру жүргізді.

ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 25 қарашада таңертеңнен әлеуметтік желіде Өскеменді түтін басқан видеолар тараған соң мамандар қаланың бірнеше ықшамаудандарына барып, ауа сапасын тексерді.

«Өлшеу жұмыстары күні бойы арнайы жабдықпен жүргізілді. Соның нәтижелері бойынша атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу дерегі анықталған жоқ. „Қазгидромет“ РМК Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы ұсынған автоматты бақылау бекеттерінің деректері бойынша да ластаушы заттардың біржолғы шекті рұқсат етілген концентрациясының асып кетуі тіркелмеді», — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, 23 қарашадан бастап Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Бұл 26 қарашаға дейін созылады деп күтіледі.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданған. 

Экологтар тексеру жүргізген соң хлорсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі тіркелген. 

25 қарашада өскемендіктер тағы да ауа сапасының нашарлағанына шағымданды.