Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлім етті.
Оның атап өтуінше, санитарлық талаптардың өрескел бұзылуына байланысты 31 мыңнан астам айыппұл салынған. Сомасы 300 млн. теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ 551 нысанның жұмысы тоқтатылып, түрлі ереже бұзушылықтарға жол бергендерге қатысты тергеу органдарына 769 материал жолданған.
«Ағымдық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу барысында мамандар барлық өңірлерден 177 тонна азық-түлік өнімдерін, оның ішінде Қазақстанға импортталған 49 пайыз және отандық өндірушілердің 51 пайыз өнімдерін сатылымнан алған», - деді Ж.Бекшин.
Оның атап өтуіне қарағанда, сатылымнан негізінен көкөністер мен жеміс-жидектер алынған. Олардың басым бөлігінің сақталу мерзімі өтіп кеткен.