Тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің өкілеттігі заңдық тұрғыда кеңейеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің өкілеттігі заңдық тұрғыда кеңейеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасында тұтынушылар құқықтарын қорғау жағдайы туралы жыл сайынғы есепті Үкіметке жолдау мәселелері қарастырылады. Бұл есеп сосын Мемлекет басшысына да ұсынылады. Сонымен қатар, тұтынушылар шағымының жартыжылдық талдауы мен тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жыл сайынғы талдауы жүргізілетіні көзделіп отыр. «Заң жобасымен тұтынушылардың ақпараттандырылуы, консультациялары мен оларды ақпараттық қамтуды жүзеге асыру мәселелері қаралады. Тұтынушыларға сатылатын өнімдер мен қызметтер бойынша бекітілген техникалық регламенттер талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүзеге асатын болады», - деді Т. Жақсылықов.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы аясында тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің өкілеттігі кеңейтіледі. «Бұл ретте бірлестіктер қауіпсіздік пен сапа талаптары бойынша бекітілген талаптарға сай келмейтін тауарлар шығару мен сатуға қатысты кінәлі тұлғаларға шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдарға ақпараттар бере алады. Бұдан бөлек, егер олардың құқықтары бұзылған жағдайда тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері болып табылмайтын тұлғалардың мүдделері үшін шағымдар бере алады», - деді Т. Жақсылықов.