деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі күні қолданыстағы тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін заңнамалық акті 1991 жылғы қаңтардың 5-інде қабылданған «Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы» Қазақ КСР заңы болып табылады. Осыған байланысты аталған заң жобасы жаңа редакцияда жасалып отыр. Құжаттың мақсаты осы саладағы заңнаманы ел экономикасының қазіргі талаптарына және қолданыстағы басқа да заңнамаларға сәйкес келтіру болып табылады. Сонымен бірге, тұтынушылардың қорғау жүйесінің нақты тетігі бүгінгі күнге дейін қалыптаспағандықтан олардың құқықтарын қорғау проблемасы өзекті мәселе болып табылады.
Құжатты талқылау барысында Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бірқатар түзетулер енгізген болатын. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары «тұтынушы» ұғымын нақтылап, тұтынушылардың құқығын көздейтін нормаларды толықтыра түскен. Жалпы сенаторлар құжатқа қатысты 40 түзетуді ұсынған болатын. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары бұлардың басым бөлігімен келіспейтіндіктерін білдірді. Осыған орай, заң жобасы бойынша келісім комиссиясы құрылып, оның құрамына төменгі палатадан депутат Б. Әлімжанов, С. Бычкова, А. Соловьевалар сайланды.