Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық ұйымдары аттестаттаудан өтеді

None
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық ұйымдары аттестаттаудан өтеді. Бұл туралы бүгін Дүниежүзілік тұтынушылар күніне орай өткен Мәскеу - Астана - Киев бейнекөпір барысында ҚР бәсекелестікті қорғау агенттігі тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бастығы Әсем Бакинбаева мәлім етті.

«2013 жылы ҚР бәсекелестікті қорғау агенттігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында заң жобасын дайындауға бастама көтерді. Аталмыш заң жобасының басты тұжырымдамалық негіздері - тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық ұйымдарын мемлекеттік қолдау және тұтынушылар ұйымдарын аттестаттаудан өткізу. Яғни мемлекет оларға қолдау көрсете отырып, қоғамдық ұйымдарға қойылатын талапты да күшейтпек. Аттестаттаудың барысында - олардан «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң біліктілігі тексерілетін болады», - деп атап көрсетті Ә.Бакинбаева.

2010 жылғы мамырда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң қабылданды. Осы заң қабылданғанға дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен қоғамдық бірлестіктер айналысты.