Экспедиция жетекшісі, Ресей ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы институтының ғылыми қызметкері Тимур Садықовтың айтуынша, биыл табылған екі стеланың әзірге нақты баламасы жоқ.
«Биыл біз бұрын-соңды нақты ұқсасы кездеспеген екі стеланы таптық. Қазба барысында анықталған әртүрлі бұйымдар алыс өңірлерден табылатын ұқсас жәдігерлермен салыстырылған кезде, олардың өзара байланысы қаншалықты жақын болғанын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл өтпелі кезең ескерткіші болғандықтан, жаңа мәдени нысандардың пайда болуы мен мәдени трансформация үдерісін көзбен көруге болады. Кейбір күтпеген олжалардың мәнін бірден түсіндірудің өзі қиын», – деді Тимур Садыков.
Мамандардың пікірінше, қазба барысында табылған заттардың алуан түрлілігі бұл жерде алыс аймақтардан келген адамдардың болғанын көрсетеді. Сондықтан Туннуг қорғаны мәдени өзгерістер кезеңін бейнелейтін бірегей археологиялық ескерткіш саналады.
Туннуг қорғаны алды-бел мәдениетіне жатады және осы мәдениетке қатысты белгілі ескерткіштердің ішіндегі ең көнесі болып есептеледі.
Қазба жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қорған мен оны қоршаған құрылымдардың жалпы аумағы шамамен 19 мың шаршы метрді құрайды. Археологтер батпақты жерде жұмыс істеп, ағаш, саз, топырақ және тас қабаттарын аршуға мәжбүр.
Айта кетейік, ғалымдар Алтын Орда дәуіріне тиесілі жаңа ескерткіштерді зерттеп жатыр.