Түйе баққан Өмірәлі 3 млн. теңгенің несиесін алды – Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылында тұратын Өмірәлі Әбсәлімов түйе шаруашылығын одан әрі дамыту үшін 3 млн. теңгелік несие алуға қол жеткізді.

Өз ауылында «Аруана» атты шағын шаруа қожалығын басқарып жүрген кәсіп иесі «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының қолдауы арқасында осы қамқорлықты пайдалана алды. «Мен Шиелі ауданының Еңбекші ауылында туғанмын, мамандығым зоотехник. 1997 жылы «Аруана» шаруа қожалығын құрдым. «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көмек көрсетілетінін БАҚ-тан білдім. Сөйтіп, аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, аталған бағдарлама туралы сұрастырған болатынмын. Ол жерде маған бағдарламаның екінші бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету» бойынша көмек берілетінін түсіндірді. Ауылдастарыммен ақылдаса келе, түйе шаруашылығын дамытуға шешім қабылдадық», дейді ол.