Түйе ұрлаған Арал тұрғыны 5 жылға сотталды

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM –Қызылорда облысының Арал аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, ол бұрын сотталғанына қарамастан жергілікті тұрғынның ауласына қоршаудан секіріп түсіп, үйіне заңсыз кіріп, мал қорасынан бір бас түйені жетектеп алып кеткен. 

- Қылмыстық әрекет салдарынан жәбірленушіге 800 мың теңге мөлшерінде мүліктік зиян келтірген. Сот отырысында өз кінәсін мойындады. Одан бөлек жәбірленуші және куәнің жауаптарымен, іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен бекітілді. Сотталушы бұрын меншікке қатысты ауыр қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Сот жеңіл жаза тағайындағанымен одан қорытынды шығармаған. Алдыңғы үкім бойынша жазаны өтеу барысында сотталушының бірнеше рет жаза өтеу тәртібін бұзып, екі рет бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылғанын, жеке басына жақсы мінездеме берілмегенін ескерген сот оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - делінген хабарламада. 

Бұған дейін Қызылорда облысында аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізген тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды.