Түймебаев: Бақша өнімдері мен көкөністі солтүстікте де өсіру қажет

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы - Шымкентте «Өңіраралық еңбек ұтқырлығын дамытудың бизнес-форумы» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, ОҚО қалалары мен аудандарының әкімдері, жоғарыда келтірілген өңірлердегі жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, жұмыс берушілер және тағы басқа да тараптар қатысты.


Форум жұмысын ашқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңір халқының тығыздығына орай, мұнда жыл сайын ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік сынды маңызды салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың жайына тоқталды. Жыл соңына дейін күнгейден теріскейге 400 мың тоннаға жуық бақша, 250 мың тонна көкөніс, 15 мың тонна жеміс-жидек, 15 мың тонна жүзім жөнелтуге мүмкіндіктің бар екенін, сәйкесінше, ол жақтан бидай, картоп, мал азықтық жем өнімдерін алмастырып, өңіраралық кооперативтер жүйесін қалыптастыру жолдарына мән беру қажеттігін жеткізді.

«Бүгінде Оңтүстіктің бақша өнімдері онсыз да мыңдаған шақырымға тасымалданып, тіпті Ресейге де өткізіліп жатыр. Ал сол көкөністі өсіруді солтүстік өңірлерде жолға қойып, шекара асыру әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын. Сонымен қатар шаруалар солтүстіктен оңтүстікке жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін де молынан дайындап, осында жіберуіне мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде еліміздегі азық-түлік нарығын реттеуге оңды ықпал ететіндігі сөзсіз», - деді Түймебаев.