Түймебаев құрылыста отандық өнімдерді пайдалануға шақырды

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында жаңа құрылыс материалдарының көрмесі өтті. Көрмені аралап көрген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев құрылыста отандық өнімдерді пайдалануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды шара жергілікті тауар өндірушілердің шетелдік құрылыс материалдарын алмастыра алатынын көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Көрмеде аймақ басшысы жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін барынша пайдалану құрылыс сапасын арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.


 

Құрылыс компанияларының әлеуетімен танысып шыққан өңір басшысы ең бірінші сапаға мән беруді тапсырды. Сонда ғана бәсекеге қабілетті орта қалыптастыруға болады деген әкім алдағы уақытта құрылыс бұйымдарының импортын азайтуға күш салуды жүктеді.
 

«Оңтүстік Қазақстан облысында құрылыс бұйымдарының импорты өңір қажеттілігінің 80 пайызын құрайды. Полимерден жасалатын тұсқағаздар мен жабындылар толығымен сырттан тасымалданады. Осы үрдісті азайтуымыз қажет. Ол үшін өңіріміздегі шикізаттарды тиімді пайдаланып, қайта өңдеу мәселесіне көңіл бөлу керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.


 

Айта кетейік, бүгінде облыс аумағында  негізгі құрылыс материалдарының және конструкцияларының 50-ден астам түрі шығарылады. Ал құрылысқа арналған жабдықтар, бұйымдар мен конструкциялар шығаратын 30 ірі және орта кәсіпорын мен 120-дан астам цех жұмыс істейді.
 

Мұнан соң өңір басшысы Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС-нің темір бетон шығаратын зауытына аялдап, кәсіпорынды аралап көрді.  2001 жылы іске қосылған зауыт бүгінде темір бетонның 100-ден астам түрін шығарады. Кәсіпорын 2014 жылы 1 млрд теңге инвестиция тартып, қайта жаңғыртылған. Осы жұмыстардың арқасында зауыт жылына 150 мың текше метр құрылыс матариалдарын шығаруға қол жеткізіп отыр. Қазір мұнда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
 

Соңғы жаңалықтар