Түзетіңіз немесе басқа адамдар айналысады: Бектенов жолдардың жағдайына қатысты ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашевқа жолдардағы жағдайды түзетуді тапсырды.

Фото: Үкімет

— Биылғы 8 айдың қорытындысын өткен жылмен салыстырсақ, жол-көлік оқиғалары 10 пайызға азайып, қаза тапқандар саны 14 пайызға, зардап шеккендер саны 11 пайызға төмендеді. Осы кезеңде республикалық жолдарда көлік қозғалысының қарқындылығы орта есеппен 30 пайызға артты, яғни көлік ағыны айтарлықтай көбейгеніне қарамастан, қабылданған шаралардың нәтижесінде жол апатына қатысты аталған негізгі үш көрсеткіш те төмендеді. Осы бағытта жұмыстар жалғасады, — деген еді компания басшысы Үкімет отырысында.

Осы ретте Премьер-министр баяндама жақсы болғанымен шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп екенін баса айтты.

— Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы жоқ, жағдайда түзету керек. Түзетіңіз! Немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады. Ұқтыңыз ба? — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.