Түзету мекемелерінде некеге тұру оқиғалары азаяр емес - Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Түзету мекемелерінде некеге тұру оқиғалары азаяр емес, деп хабарлады Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.

Комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Самал Ғадылбекованың айтуынша, неке қатынастарын тіркеу - сотталушының немесе тергеу қамағында отырған тұлғаның ажырамас құқығы және еліміздің пенитенциарлық жүйесінде бұл құқық бұлжытпай сақталады.

Өмір көрсетіп отырғандай, некеге тұру рәсіміне дайындықтың барлығы қалыңдықтың иығына түседі. Бірінші кезекте, ол Азаматтық хал актілерін тіркеу орнынан өтініш қағазын алады, одан кейін түзету мекемесінде күйеу жігіттің анкеталық мәліметтерін толтырып, оны мекеме әкімшілігіне қуәландырады. Содан кейін неке қиылатын күн белгіленеді.

Мұнда ақ көйлек киген қалыңдықты жиі кездестірмейсің, көбіне той салтанаты кейінге қалдырылады, күйеу жігіттің бостандыққа шыққанын күтеді. Бірақ та жастар некелерін заңдастыру туралы шешім қабылдаса, барлық шара түзету мекемесінің мәслихат залында өтеді, ал куәгерлікке мекеме қызметкері шақырылады. Ерлі-зайыптыға неке туралы куәлігін Азаматтық хал актілерін тіркеу орнының қызметкері табыс етеді. Соңғы уақытта жастар некелерін ресми заңдастырумен қоса, шіркеуде немесе мешітте де некелерін қидырып жүр.

Отбасылық жағдайы күйеу жігітке ешқандай жеңілдік бермейді, тек оған жас келіншегімен ұзақтау кездесу мүмкіндігі ғана жасалады.