Түзету мекемелеріндегі діни әдебиеттерге тексерулер жүргізілді - Дін істері агенттігі

None
АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы дін жөніндегі тапсырмаларды орындау аясындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелері бойынша кездесу болып өтті. Шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми, діни және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов жиынды ашу барысында ұлтаралық және конфессияаралық толеранттық, өзара түсіністік және келісім Қазақстан мемлекеттігін нығайту және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. «Діни қатынастарды одан әрі мемлекеттік реттеудегі тәжірибесін құқықтық тұрғыда бекіту үшін 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданған болатын», - деді А.Бижанов. Заң ережелері адам құқықтарын қорғау шараларын күшейту арқылы бейәлеуметтік сипаттағы діни қызметке тосқауыл қоюды, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершілікке қатысты еліміздің құқықтық кеңістігіндегі олқылықтарды толықтыруды қарастырады. Сенатор сондай-ақ «Қазақстан - 2050» Стратегиясында қоғамдық және діни мүдделердің орнықты тепе-теңдігіне қол жеткізуге бағытталған бірқатар міндеттер алға қойылғандығын атап өтті.

Кездесу барысында ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Марат Әзілханов баяндама жасап, онда діни қатынастар саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің, оның ішінде дінтану сараптамасын жүргізудің, діни мазмұндағы әдебиеттер мен басқа да материалдардың, діни мақсаттағы бұйымдардың таралуын іске асыру мәселелерінің маңызды екенін атап өтті. «Бiз заң аясында түзету мекемелерiндегі дiни әдебиеттерге тексеру жүргiздiк. Түзету мекемелерiнде қазiргi уақытта радикалды бағыттағы әдебиеттер жоқ деп мәлiмдей аламын. Бiз әдебиеттердi толығымен тексерiп шықтық. Бұған қоса елiмiзде жұмыс iстеп жатқан кiтапханаларды радикалды және экстремистiк сипаттағы әдебиеттердiң бар-жоғын анықтау мақсатында тексердiк», - дедi Марат Әзiлханов. Оның айтуынша, Қазақстанда деструктивтi дiни ағымдардан зардап шеккен тұлғаларға көмек көрсету мақсатында 20 орталық жұмыс iстеуде.