Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі бүгін осындай ақпарат таратты.
Осыған орай, қазір бостандыққа шығарылатын тұлғаларды іріктеу және олардың қажетті құжаттарды жинаумен айналысатын тек пенитенциарлық жүйе қызметкерлеріне ғана емес, соттарда сәйкес қылмысты істерді жедел қарап шығып жатқан сот органдарының қызметкерлеріне де үлкен салмақ түсіп отыр.
4 наурыздағы жағдай бойынша түзету мекемелерінен 449 адам босатылды. Атап айтқанда, Алматы облысында -80-нен астам адам, Шығыс Қазақстан облысында - 78, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында - 59, Қостанай облысында - 33, Павлодар облысында 30 адам босатылды.
Ал соттарда қазіргі таңда 3 мыңнан астам қылмыстық іс әлі қаралуда. Олардың қорытындысы бойынша 1 мыңдай адам бостандыққа шығарылады, қалғандарының не жаза мерзімі қысқартылады, не үкімдері қайта қаралады. Азаматтарды түзету мекемелерінен бостандыққа шығару процесі жалғасуда.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру туралы» Заңға сәйкес 2011 жылдың 25 ақпанындағы жағдай бойынша республиканың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 150-ден астам тұтқын босап шыққан болатын.
Атай айтқанда, Алматы облысында 60-тан астам адам, Маңғыстау облысында 18, Атырауда 17, Солтүстік Қазақстанда 13, Шығыс Қазақстанда 15 жазасын өтеуші темір тордың ар жағынан босап шықты.