Түзетулер енген Конституцияның алғашқы жобасы әзірленді — Эльвира Әзімова

Фото: Конституциялық сот

АСТАНА. KAZINFORM − Конституцияны реформалау бойынша ұсыныстар әлі де келіп жатыр. Бұл туралы Конституциялық комиссия отырысының модераторы, ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Әзімова айтты. 

Эльвира Әзімова Ата заңмен жұмыс істеу әрқайсысынан ерекше жауапкершілікті талап ететінін, сондықтан әрбір ұсыныс мұқият сараланған болуы керектігін атап өтті. Комиссия мүшелерінің ұстанымдары нақты әрі негізделген болуы қажет.

− Қазір қолыңызда бірінші жоба ұсынылған. Алдыңғы отырыста біз салыстырмалы кестені жан-жақты талқылап, жобаны мәтіндік нұсқада әзірлеуге келіскен болатынбыз. Ұсыныстар әлі де келіп жатыр. Оның ішінде комиссияның жұмыс органы — Конституциялық сот аппаратына да келеді. Қазіргі уақытта 13 тұлғадан ұсыныстар келді. Барлық материал біздің жұмысымыздың аясында қаралуы тиіс, − деді Эльвира Әзімова Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 4-отырысында.

Сонымен бірге, спикер нормаларды тек қайта жазып шығу емес, ұсынылып отырған өзгерістерді және қазіргі заман талаптарын ескере отырып, Конституцияның негізгі қағидаларын бекіту міндеті де қойылғанын еске салды.

− Дайындалған Конституция жобасының мәтінін мұқият қарау керек болады. Сондықтан қазір мәтінмен топтарда жұмыс істейміз. Сол бойынша нақты тұжырымдалған норма редакцияларымен бірге ұсыныстар беруді сұраймын. Біз оны топтық жұмыс аясында талқылайтын боламыз, − деді Конституциялық Сот төрайымы.

Ал комиссияның 5-ші отырысы 29 қаңтарда өтеді. Нақты уақыты хабарланады.

Айта кетейік, Конституция мәтінінің 84 пайызы түзетілді.

Конституцияның Преамбуласы толықтай басқа редакцияда ұсынылады.

Оған қоса, мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық ережелер жетілдірілді.