Түзеу мекемелеріндегі «Режим» операциясы кезінде 292,52 грамм есірткі заттары тәркіленді
17:39, 22 Маусым 2010
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізу арналарын жабу мақсатында ағымдағы жылғы маусымның 14-і мен 21-і аралығында республика аумағында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері «Режим» кең ауқымды операциясын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шара барысында біршама көлемдегі тыйым салынған заттар алынды. Атап айтқанда, 292,52 грамм есірткі заттары, 457 мың 620 теңге ақша, 541,5 литр спиртті сусындар, 151 бірлік ұялы байланыс құралдары, 315 бірлік өткір кесетін заттар алынған. Бұдан бөлек, тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай жазалауға сотталған 20 мың 121 адам тексерілді. Бұл ретте сотталғандардың жазаны өтеу шарты мен тәртібінің 64 бұзушылығы айқындалды», - деді Әділет министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет.