Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Шымкент қаласындағы түзеу мекемесінің қызметкерін 10 жылға бас бостандығынан айырды.
«Сот талқылауында анықталғандай, түзеу мекемесінің қызметкері Н. жазасын өтеуші Б-мен 35 мың теңгеге оған азық түлік және есірткі заты «марихуананы» заңсыз мекеме ішіне өткізіп беруге келіскен. Мекеме қызметкері Н.-ге ақша мен есірткі заттың муляжын беру барысында ҚР ҰҚК ОҚО бойынша Департаментінің және ОҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен ұсталған» делінген соттың хабарламасында.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің екі бабы, 24-бабының 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 297-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») кінәлі деп тапты. Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.