Тұжырым жасай білген адам, алдына мақсат та қоя біледі - Ғ. Хамитова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тұжырым жасай білген адам, алдына мақсат та қоя біледі. Бұл туралы Алматыда ашылған III Халықаралық коучинг апталығында Step&Grow коучинг Академиясының бас директоры, медиатор Ғалия Хамитова мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдыңа мақсат қоя білу - өмірде үлкен мәнге ие.

«Ал қазір ақпаратқа толы заманда көп адам өзін жоғалтып алғандай сезінеді. Алдарына нақты мақсат қоя алмай қиналады. Коучинг соларға көмектеседі. Ешқандай ақыл-кеңессіз, ұсыныссыз. Басқаның пікірін айтып, басын да қатырмайды. Тек әңгімемен, сұрақ қоюмен және бірге іздене отырып, нақты мақсаттар белгіленеді, олардың реті қойылады. Бұл жерде өз бетіңмен тұжырым жасау, өз бетіңмен шешім қабылдау өте маңызды. Өйткені сонда ғана өзіңді сезінесің, өзіңді табасың. Мен де шешім қабылдай біледі екенмін-ау деп қуанасың. Өзіңе деген сенім пайда болады. Ал сенім пайда болған адам алдына мақсат қоя біледі. Соған жетуге ұмтылады. Демек, оның өмірі мағыналы, мәнді. Демек, ол бекерге өмір сүріп жатқан жоқ» - деді өз сөзінде Ғалия Хамитова.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Алматыда III Халықаралық коучинг апталығы басталды. Ол Қазақстан мен Орталық Азия елдерін қамтиды. Апталық Алматы, Астана, Өскемен және Бішкек қалаларында 12 мамырдан 18 мамырға дейін жалғасады.

Step&Grow коучинг Академиясының бас директоры Ғалия Хамитова сонымен қатар, коучингтік технологияларды өмірдің түрлі салаларында қолдану мүмкіндіктерін жеткізді. Коучинг - адамның ішкі ресурстарын ашуға бағытталған әдістеме, қала берді ілім, - деді ол. Басқа тренинг, семинарлардан айырмашылығы мұнда кеңестер, ұсыныстар берілмейді.

Коучтың міндеті - трансформациялық, яғни түрлендірмелі сұрақтар қою арқылы адамның ішкі күш-қуатын іске қосу. Клиент барлық тұжырымдарға, қорытындыларға өзі келеді. Коуч тек сол мақсаттарға жанамалай бағыттап отырады.

«Бүгінде, әсіресе басқарудағы және компанияны дамытуға бағытталған коучингтер үкен қызығушылық туғызуда. Бұл құрал батыстың ірі корпорацияларында жақсы қырынан танылған. Енді бұл әдістемені Қазақстандық бизнеске де ұсынатын уақыт туды» - деді өз сөзінде «Skill Matrix» дағдылар зертханасының бас директоры Әсел Бектұрсынова

Енді Алматыда, Өскеменде және Бішкек қалаларында коуч-кәсіпқойлардың шеберлік сыныптары өтеді. Оқыту шаралары кәсіпкерлерге, әр түрлі деңгейдегі менеджерлерге және коучинг технологиясын өз өмірінде қолдануға қызығушылық танытқан адамдардың барлығына арналған.

"Step&Grow" коучинг академиясы ұйымдастырып отырған бұл апталық ең алғаш рет Алматыда 2012 жылы өткізілген болатын. Сол жылы Қазақстан тұңғыш рет Халықаралық коучинг қоғамдастығына енді.

Халықаралық коучинг апталығы бір мезетте әлемнің түкпір-түкпірінде өтеді. Оған 100-ден астам елден 22 мыңға жуық коучер қатысады деп күтілуде. Ондағы мақсат - адамдарға коучингтің пайдасын түсіндіру. Осы апталық ішінде өткізілетін барлық дәрістер, шеберлік сыныптары және коуч-сессиялар тегін болады.