Тянь-Шань қоңыр аюы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің фототұзағына түсіп қалды

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Сирек кездесетін аюдың бұл түрі сәуір айының соңында парк аумағында арнайы орнатылған фототұзаққа іліккен. 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, Тянь-Шань қоңыр аюы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Соңғы жылдары ұлттық парк аумағында аюлардың саны жыл сайын артып келеді.

— Алайда, бұл жануар түрі жыртқыш жануарлар санатына жататындығын ескерген жөн. Сол себепті, ұлттық парк қызметкерлері келушілерге аюлармен кездескен кезде қауіпсіздік шараларын сақтау және жануарларды алаңдататын кез келген әрекеттен аулақ болу маңызды екенін ескертеді, — деп ескертті комитеттен.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жабайы жануарларды бақылау мақсатында орнатылған бейнетұзақтардың біріне ҚР Қызыл кітабына енгізілген қар барысы түскен болатын.