Министрліктің мәліметінше, жаз – аю үшін қыс бойы жоғалтқан күш-қуатын қалпына келтіріп, мол қорек жинайтын ең маңызды кезеңдердің бірі.
– Жаз мезгілінде Тянь-Шань қоңыр аюы белсенді тіршілік етеді. Бұл кезеңде ол қыс бойы жұмсаған күш-қуатын қалпына келтіріп, алдағы қысқы ұйқыға қажетті май қорын жинай бастайды. Аю көбіне таңертең ерте және кешкі салқын уақытта қорек іздейді, – делінген хабарламада.
Жазда Тянь-Шань қоңыр аюы негізінен өзен-көлдердің маңында, қалың ормандар мен альпілік шалғындарда мекендейді. Ал күн ыстық болған кезде көлеңкелі жерлерде немесе бұлақтар мен өзендердің жағасында демалады.
– Тянь-Шань қоңыр аюы табиғаттағы тұқымдардың таралуына, соның ішінде жабайы алма ағашы – Сиверс алмасының тұқымдарының табиғи жолмен көбеюіне зор үлес қосады. Сондықтан бұл жануарды және оның табиғи мекен ету ортасын сақтау экожүйе үшін аса маңызды, – деп мәлімдеді министрлік.
Айта кетейік, Көлсайда аю қонжығымен бірге камераға түсіп қалды.