Тың жобалар қолға алынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен өткен брифингте түсірілетін деректі фильм туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев төрағасы болып табылатын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 25 жылдығына арналып отыр. Мақсат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлттық санамызды жаңғырту және төл тарихымызға серпіліс әкелу.

«Әлем бойынша дүниежүзіне тарап кеткен қандастарын жинаған санаулы ғана ел бар. Соның бірі - Қазақстан. Тәуелсіздіктің 26 жылында халқымыздың қатарына 1 миллионға жуық қандасымыз келіп қосылды. Көш әлі тоқтаған жоқ. Алдағы уақытта да жалғаса беретін болады», - деді ол.

Осы орайда Елбасының тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қиырдағы қазақтар» жобасын қолға алып отыр. Жобаны жүзеге асыруда өткен жылы құрылған National Digital History порталы көмек көрсететін болады. Сегіз мемлекеттің аумағында жобаға сай шетелдегі қандастарымыз туралы деректі фильмдер түсіріледі. Қандастарымыздың тарихы, тұрмысы, ерекше дәстүрлері, мәдениеті қамтылады.

Сонымен, тамыз айынан бастап түсіру тобы Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор, Қорған, Түрікменстанның Түрікменбашы, Ташауыз, ¬Ашхабад, Чарджоу, Өзбекстанның Бостандық ауданы, Ташкент, Шыршық, Ғазалкент, Тәжікстанның Душанбе, Соғды, Таулы Бадахшан, Хатлон, Қытайдың Үрімші, Құмыл, Қарамай, Баркөл, Шәушек, Құлжа, Мори, Моңғолияның Қобда, Улан-Батор, Баянөлгей, Иранның Горган, Бендер-Түркімен, Тегеран, Мешхед, Ауғанстанның Кабул, Құндыз сияқты өңірлері мен елді мекендерінде деректі фильмді түсіре бастайды.

«Қазақстан тарихы» интернет жобасының жетекшісі Олжас Беркінбаев пен «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов ҚР СІМ көмегімен, аталған елдердегі елшіліктермен бірлесе жұмыс жүргізілетінін айтты.

Журналистер қауымын шеттегі қазақтар ортасынан шыққан көрнекті тұлғаларды қамту, архив ¬материалдарын пайдалану, нәубет кезеңдердегі үдере көшкен ел тағдыры сияқты көптеген мәселелер қызықтырып, осы төңіректе бірқатар сұрақтар қойылды. Жаңа жоба шетел қазақтарының өмірін шынайы көрсетуге мүмкіндік береді.

Брифингтен соң, белгілі режиссер Оралбек Сарбасовтың пікірін сұраған едік: «Өте тамаша ойластырылған жоба. Жүзеге асып жатса тарихымызды толықтыра түсетін үлкен іс болғалы тұр. Тек, меніңше, 8 елге 8 түсіру тобын жіберген дұрыс сияқты. Себебі, белгілі бір елге бару, орналасу, адамдарды іздеп табу, сол жердің табиғатын, елдің салт-дәстүрін, мәдениетін түсіру, материалдарды сұрыптау, қорыту оңай ¬шаруа емес. Кемінде екі ай уақыт кетеді. Негізі деректі фильмнің жанрына сәйкес жұмыс істеу керек. Бір түсіру тобы үлгере алмайды. Ертең күн суытып кетеді, тамаша жоба жай ғана журналистік зерттеу сияқты, телехабар шеңберінде қалып қоюы мүмкін» деді ол. Иә, маманның пікірі қаперге алатын-ақ пікір. Жобаны ұйымдастырушылар болашақта мұны назарға алып жатса құба құп.

Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Galam TV интернет-телевизиясын жандандыруды қолға алмақ. Бұл туралы министр Дәурен Абаев «Facebook» парақшасында мәлім етті.

«Интернет-телевизияның ТВ-индустрия эволюциясындағы жаңа сапалық саты екенін ешкім жоққа шығармайтын болар. Оның аудиториясын кеңейту мүмкіндіктері орасан зор. Бұл ғаламдық үрдіс, ендеше біз де осы бағытты ұстануымыз қажет» деді ол.

Министр бұл саладағы негізгі істің бірі Galam TV интернет-телевизиясын дамытуға байланысты болатынын атап көрсетті. Ол аталған қызметтің 2014 жылы іске қосылып, алайда түрлі себептерге байланысты сұраныстың төмен болғанын еске салды. Олардың қатарында Galam TV-ның Chrome, Opera, Internet Explorer, Yandex сияқты браузерлерде жұмыс істемеуі, мобильді қосымшаларының жетілмеуі сияқты мәселелер бар.

«Келесі кезеңдерде «тапсырыс бойынша видео», тіл жолақтарын қолдау, кіріккен хабарламалар, телеарналар пакетін дербес түзу, рейтинг жүйесі, жеке кабинет, пайдаланушы пакетін жариялау мүмкіндігі және басқа да көптеген қызметтерді енгізу жоспарланып отыр. Galam TV Қазақстан интернет-телевизиясы дамуындағы ірі жаңалық болатынына сенімдімін» деді Дәурен Абаев. Ол Galam TV-ның толықтай тегін екенін және оған Қазақстанның 24 телеарнасы кіретінін де тілге тиек етті. Сонымен қатар шетелдік 100 телеарна нарықтағы орташа бағадан төмен бағамен ұсынылмақ. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешілмек.