«Өнімділікті арттырудың маңызды факторы тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолдану болып отыр. Тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайту үшін ағымдағы жылы 30,9 млрд теңге бөлінді, бұл тыңайтқыштарды енгізу көлемін ғылыми қажеттіліктің 25%-ына дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 4 маусымдағы жай-күй бойынша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне 405,3 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді (жоспардың 63%-ы), бұдан басқа сақтау қоймаларында тағы 29,4 мың тонна бар. Бұл ретте тиеп-жөнелту жұмыстарының жалғасып жатқанын және белгілі көлемдердің күзгі өңдеу кезінде енгізілетінін атап өткен жөн», - деді С. Омаров.
Оның айтуынша, тыңайтқыштарды сатып алуда жоғары көрсеткіштер Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды. Шығыс Қазақстан облысында тиеп-жөнелту толығымен аяқталды.
«Қалған өңірлер тыңайтқыштарды қолдану көлемін жоспарланған көрсеткіштерге дейін ұлғайтуы қажет. 2023 жылға дейін әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өтініштері бойынша тыңайтқыштарды қолдану көлемінің төмендеуіне жол бермеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия алу үшін агрохимиялық картограммалар беру талабын уақытша тоқтатты», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар тапсырма берді.