Тынық мұхитта 5 ай қалып қойған саяхатшылар құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ теңіз әскери күштері Жапония жағалауларынан 1,4 мың шақырым қашықтықта екі әйелді құтқарды. Олар ашық мұхитта бес ай бойы бұзылған яхтада иттерімен бірге күн көрген, деп хабарлайды ABC News.

Гавайи тұрғындары Дженнифер Аппель мен Таша Фуаба Таитиден саяхатқа шыққан кезде мамыр айы болатын. Бірақ дауыл тұрып, яхтаның қозғалтқышы істен шығады. Саяхатшылар желкенді пайдалану арқылы бағыт түзеуге әрекет жасайды. Алайда күшті ағын яхтаны ашық мұхитқа алып кетеді. Көмекке шақырған әйелдердің берген сигналы әлсіз болғандықтан, жағалауға да, басқа кемелерге де жетпейді.

Ашық теңізде қалған әйелдердің айтуына қарағанда, яхтада жеткілікті мөлшерде азық пен тұзды суды тұщы суға айналдыратын қондырғының болуы олардың өмірін сақтап қалған.

АҚШ теңізшілері жоғалған яхта туралы хабарды 24 қазанда Тайвань балықшы кемесінен алады. Балықшылар бұзылған яхтаны көріп, Гумма жағалау қызметіне хабар беріпті.