Тынық мұхитында жаңа арал пайда болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде су асты жанартауының атқылауынан жаңа арал пайда болды. Ол Тонга корольдігінің астанасы Нукуалофтан 45 шақырым аралықта орналасқан, деп хабарлады BBC News.

Аралдың ұзындығы - 1,8 шақырым, ені - 1,2 шақырым, алайда ғалымдар оның тұрақсыздығы жайлы ескертеді: арал бөлшектеніп, теңіз түбіне батып кетуі де ықтимал. Ол жанартау қожы: кристалы жоқ қошқыл жыныстан тұрады.

Тонга-Хунга Хаапай жанартауы желтоқсанда оянған.

Жергілікті қонақүйдің иесі Джанпьеро Орбассано (Gianpiero Orbassano) аралға достарымен бірге барып, суретке түсіп қайтқан. Орбассаноның айтуынша, атауы жоқ аралдың үстіңгі беті сәл ыстықтау болғанымен, қатайып үлгерген. Арал ортасында орналасқан жанартаудың ең биік нүктесіне жеткен туристер күкірттің иісі бар жасыл көл тапқан.