«Бүгінге дейін 4 уыттекті емес, яғни тырысқаққа шалдыққан адам тіркелді. Ал біреуі уыттекті түрін жұқтырған. Олар Гоада демалған туристер. Бәрі де Алматы қаласының тұрғындары. Қазіргі таңда біздің туристік операторлар Үндістан тарапымен жақсы туристік байланыс орнатқан. Күніне 170-ке жуық адам Үндістанға ұшып, сондай мөлшердегі адам қайтып келеді», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінде өтіп жатқан кеңестің алдында БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Жандарбек Бекшин.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы сонымен қатар, Үндістан бағытындағы туристік ағым туралы ақпаратпен бөлісті.
«Біздің қолымызда статистика бар. Өткен жылдың қазан айынан бастап біздің елдің 15 мыңға жуық адамы Үндістанға туристік мақсатта барып қайтқан. Ал үндістандық туристерге біздің Шымбұлақ, Алматы мен Көктөбе ұнайды. Біздің қолдағы мәліметке сәйкес, Үндістанда соңғы жылдары 12 мыңға жуық адам тырысқақ ауруын жұқтырған. Ұшып бару бойынша 80 жағдай тіркелген. Біз туроператорлармен бірге, әрбір ұшып бару жағдайы бойынша жұмыс жүргіземіз», - деген Бекшин Үндістанға баратын қазақстандық туристерге гигиенаны сақтау бойынша тиісті ақпарат берілетінін айтты.
Ол сонымен қатар, комитет алдында аталған аурудың тарап кетпеу міндеті тұрғанын тілге тиек етті.
«Осы 5 жағдай уақтылы анықталды. Бәріне диагноз қойылып, барлық жағдай бойынша эпидемияға қарсы шаралар жүргізілді», - дейді Бекшин.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда тырысқақ ауруына шалдығу бойынша бес жағдай тіркелген болатын. Олардың бәрі Үндістанға демалуға барған кезінде ауруды жұқтырып алған.