– Бүгінде тізе аурулары жастар арасында жиілеп барады. Бұған не себеп?
– Қазір көптеген аурулар, соның ішінде тірек-қимыл аппаратының патологиялары жасарып келеді. Бұрын көбіне егде жастағы адамдарға тән болған аурулар бүгінде жастар арасында кездеседі. Басты себептері – бұрын алған жарақаттар, әсіресе спортпен айналысу кезінде болатын зақымдар. Екінші себеп – артық дене салмағы. Ол өз кезегінде қимыл-қозғалыстың аздығымен және дұрыс тамақтанбаумен тікелей байланысты.
– Тізе буынында ақау бар екенін көрсететін алғашқы белгілер қандай? Қандай жағдайда дәрігерге қаралу қажет?
– Егер ауырсыну ұзақ уақыт басылмай, тұрақты түрде мазаласа, бұл дәрігерге қаралуға жеткілікті себеп. Жалпы, тізе тұсында қандай да бір жайсыздық сезілсе, оны елемей жүре бермеген жөн. Емді уақытында бастап, дәрігердің ұсынымдарын орындау толық сауығуға мүмкіндік береді.
– Ал жүргенде, отырып-тұрғанда немесе баспалдақпен көтерілгенде тізе сықырласа, алаңдау керек пе?
– Сықыр патологияның белгісі емес. Көп жағдайда бұл қалыпты құбылыс. Алайда сықырлаумен қатар ауырсыну немесе буын қозғалысының шектелуі байқалса, дәрігерге қаралу қажет.
– Жастар спортқа әуес. Алайда шамадан тыс жаттығу тізеге зиян келтіруі мүмкін бе?
– Швейцариялық дәрігер әрі философ Парацельстің «Бәрі де – у, бәрі де – дәрі. Ең бастысы – мөлшерін білу» деген сөзі бар. Дұрыс таңдалған физикалық жүктеме тізе буындарына ғана емес, жалпы ағза саулығына оң әсер етеді. Ал жаттығуларды дұрыс орындамау, жүктеме мен демалыс уақытын алмастырмау керісінше зиян келтіруі мүмкін.
Әсіресе аяқтың өз осі бойымен немесе оған қарсы бұралуы және бір мезгілде осьтік жүктеменің түсуі жарақат қаупін арттырады. Мұндай қозғалыстар футбол, волейбол және баскетбол ойындарында жиі кездеседі.
– Буын саулығына тамақтану да әсер етеді. Энергетикалық сусындар мен қантты тағамдарды жиі тұтыну шеміршекке зиян ба?
– Калориясы төмен әрі ақуыз мөлшері жеткіліксіз диета жалпы ағзаға, соның ішінде тізе буындарына кері әсер етеді. Энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен тағамдағы қанттың шамадан тыс көп болуы да буын шеміршегінің құрылымы мен сапасына теріс ықпал етеді.
– Егер шеміршек зақымданса, оны толық қалпына келтіруге бола ма?
– Өкінішке қарай зақымдалған шеміршекті толық қалпына келтіру мүмкін емес. Буын шеміршегі қан тамырлары арқылы емес, синовиальды сұйықтық, яғни буын ішіндегі сұйықтық арқылы қоректенеді. Қалыпты жүру мен қалыпты физикалық белсенділік осы үдеріске ықпал етеді. Сондықтан тұрақты әрі шамадан тыс емес дене белсенділігі шеміршектің бұзылуын баяулатудың негізгі жолдарының бірі саналады.
– Тізе ауруы көбіне отаға әкеле ме? Қандай жағдайда отасыз емделуге болады?
– Ауырсынудың өзі хирургиялық араласуға негізгі көрсеткіш бола алмайды. Тізе буыны патологияларын емдеуде алдымен консервативті терапия, яғни отасыз емдеу әдістері қолданылады.
Емдеу, әдетте, өмір салтын өзгертуден, емдік дене шынықтырудан, тамақтану рационын түзетуден және дәрі-дәрмек қабылдаудан басталады. Бұдан бөлек, буын ішіне инъекция жасау, PRP-терапия (плазмалық терапия), синовиальды сұйықтықтың орнын алмастыратын препараттар мен физиотерапия қолданылады. Көп жағдайда мұндай ем белгілерді жоюға мүмкіндік береді, ал ауру асқынған жағдайда хирургиялық араласуды кейінге шегеруге көмектеседі.
– Артроз көбіне егде жастағы адамдарда кездеседі. Дегенмен 19–20 жастағы жастарда да бұл диагноз анықталуы мүмкін бе?
– Иә, мүмкін. Жастарда артроз көбіне дисплазиялық өзгерістерге, яғни буынның туа біткен даму ерекшеліктеріне немесе бұрын алған ауыр жарақаттардың салдарына байланысты пайда болады.
– Күні бойы компьютер алдында отыратын немесе аз қимылдайтын адамдар нені ескеруі керек?
– Біз жұмыста ұзақ отырамыз, баспалдақтың орнына лифтіні пайдаланамыз, жаяу жүрудің орнына көлікпен қатынаймыз. Сондықтан күнделікті серуендеу және аптасына үш рет қалыпты жаттығу жасау тізе буындарына қатысты көптеген мәселенің алдын алуға көмектеседі.
– Соңғы уақытта буын ауруларына қарсы хондропротекторлар мен шеміршек тінін қалпына келтіруге арналған препараттар жиі ұсынылады. Олардың тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген бе?
– Оған қатысты қатысты көптеген ғылыми зерттеу жүргізілгенімен, тиімділігін растайтын сенімді дәлелдер жоқ. Көбіне препараттарды қолданғаннан кейінгі оң әсер плацебомен байланысты болуы мүмкін, яғни науқас дәрінің көмектесетініне өзі сенеді.
Сондай-ақ мұндай препараттардың тиімділігіне арналған зерттеулерді көбіне оларды өндіретін фармацевтикалық компаниялар қаржыландырады. Сондықтан зерттеу нәтижелерінің объективтілігіне қатысты сұрақ көп.
– Сұхбатыңызға рахмет!