ТЖ Комитеті күштерімен 2 608 адам құтқарылды, 6 136 өрт сөндіріліп, 24,1 млрд. теңгенің материалдық құндылықтары аман қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ішкі істер министрінің орынбасары В.К.Божконың төрағалығымен «2015 жылдың екінші тоқсанындағы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің жедел қызметтік әрекетінің нәтижелері және үшінші тоқсанға қойылған міндеттері туралы» мәселесі бойынша жедел кеңес өтті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының міндетін атқарушы өртке қарсы қызмет генерал-майоры С.Ғ.Әубәкіров баяндама жасады. «Бірінші жартыжылдықта Комитеттің күштерімен 2 608 адам құтқарылып, 3973 адам ТЖ аймағынан эвакуацияланған, 3750 адамға алғашқы медициналық, зардап шеккен 466 адамға психологиялық көмек көрсетілген. Авариялық-құтқару жұмыстарына 25 500 шығу болып, нәтижесінде 6 136 өрт сөндірілген, 24,1 млрд. теңгенің материалдық құндылықтары аман алып қалынған», - деп атап өтті С.Ғ.Әубәкіров өз сөзінде.

Жоғары тиімділігін көрсеткен күрежол медициналық-құтқару бекеттерінің қызметшілері 713 рет ЖКО болған жерге барды, 2 426 зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді және 608 адам ауруханаға жатқызылды. Күрежол бекеттеріне тиесілі аумақтарда өлім көрсеткіші 12%-ды құрап, олардың қызметі ел автожолдарындағы зардап шегушілердің санын төмендетуде тағы да жоғары тиімділік көрсетіп отыр. Аталған жұмыстар аясында жол-патрульдік қызметпен өзара әрекеттесу ретке келтірілген.

Құтқару авиациясымен 400 ұшу жүзеге асырылып, 2165 науқас тасымалданған, 39 кеңес жүргізіліп, 8 жедел операция жасалды.

Жалпы есептік кезеңде республика бойынша табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ саны 13,1%, ал зардап шеккендердің саны 5,6% төмендегені байқалады.

Жедел қызметтік әрекеттің нәтижелері бойынша Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары ТЖ департаменттерінің бастықтары тыңдалды.

Жиын қорытындысы бойынша төтенше жағдайларды барынша және оларда адамдардың қайтыс болуын азайту, жедел қызметтік әрекетті жетілдіру туралы тиісті тапсырмалар берілді, деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖ комитетінің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.