Бұл туралы бүгінгі «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық және қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары хабарлады.
Олардың айтуынша, өткен жылы 41 адам суға кетіп, бақилық болса, биылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша 14 адамның суға батып кету фактісі тіркелген. Аталған жағдайлардың басты себептері - ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, жүзу құралдарын пайдалануда қауіпсіздікті сақтамау, балық аулау ережелерін бұзу және алкогольді ішімдік ішіп суға түсу. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті тарапынан БАҚ-та 150-ден астам түсіндіру жұмыстары жарияланып, 27 мың адамды қамтыған лекциялық дәрістер жүргізілген. ‒ Облыста 41 су қоймасы бар. Оның үшеуінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тарапынан қорғалған. Олар, Тоғыс, Шардара, Бөген су қоймалары және Шымкенттегі Бадам, Қошқарата өзендерінде құтқару стансалары мен құтқару бекеттері жұмыс атқарады. Осы аталған су айдындарында суға түсетін арнайы орындар белгіленген ‒ дейді ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы, подполковник Е.Бахаев. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Е.Сарыбаев қала аумағындағы бассейндер мен су қоймаларында және өзен мен каналдарда суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, абай болуға шақырды, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.