ТЖД Бурабай ауданында су бөгеті бұзылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмола облысының ТЖД «Ақмола облысының Бурабай ауданында су бөгетін бұзып кетті» деген тақырыппен шыққан «Total.kz» сайты жариялаған ақпаратты растамады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің департаментінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«ТЖД 2017 жылдың 13 сәуірінде сағат 10:25 «Ақмола облысының Бурабай ауданында су бөгетін бұзып кетті» деген тақырыппен шыққан ақпаратты растамайды.

Сонымен қатар, ауа райы температурасының көтерілуіне байланысты қар еріп, Кенесары су қоймасындағы судың деңгейі (140 см) көтерілді.

10 сәуірде жиналған су айналма арық арқылы ағызылды. Ал, 11 сәуір күні кешкі сағат 20:00-дерде су аталмыш арықты кеңейтіп, ағысты үдете түсті. Осыдан-ақ, су бөгетіне ешқандай қауіп төнбегенін аңғаруға болады. Мұндағы жағдайды Бурабай аудандық ТЖБ басшысы мен Кенесары селолық окургінің әкімі бақылауға алып, сағат сайын мониторинг жүргізіліп отырды.

12 сәуірде осы айналым арық арқылы көп көлемде су ағып өтті. Елді мекендер мен жолдарды су басу орын алған жоқ», деп көрсетілген хабарламада.

Көкшетау қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, 12 сәуірде облыс орталығындағы Қылшақты өзені арнасынан асып, Капцевич жəне Набережная көшелерінің қилысында су жағаға жайылған.

Төтенше жағдай орын алған жерге қала әкімі Ермек Маржықпаев барып көріп, судың қауіпсіз ағуын реттеу бойынша шұғыл кеңес өткізді.

Еске сала кетейік, сәуірдің 11-і күні Зеренді ауданында Шағалалы өзенінің суы көтерілуі салдарынан осы аттас ауылдағы 4 үй мен 9 үйдің ауласын су алған болатын. Осының салдарынан 43 адам (оның ішінде 9 бала) және 154-ке жуық үй жануарлары қауіпсіз жерге көшірілді.

Сонымен қатар 12-ші сəуір күні Көкшетау қаласының ірігесіндегі Краснояр елді мекенінің маңында су тасқыны болып, ауылдан шығаберіс тасжолды шайып кетті. Мұнда да Көкшетау гидробекетінен аққан су мен қар суының қосылуы салдарынан Шағалалы өзені арнасынан асып кеткен.