ТЖД өкілі Жайық жағасындағы кейбір тұрғындардың неліктен эвакуациядан бас тартып жатқанын айтты

Фото: ortcom.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш  тасқынға байланысты эвакуациядан бас тартып жатқан тұрғындар бар екенін айтты.

«Облысқа Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасымен қосымша күш құралдары жіберілген болатын. Олардың басым бөлігі келіп жетті, Орал қаласы мен 4 аудандағы жұмыстарға жұмылдырылды. Жайықтың бойында 84 елдік мекен орналасқан. Сол елді мекендерге төнуі мүмкін қауіп беті сейілген жоқ. Осы елді мекендерде Жайықтың жағасын көтеріп, нығайту, бөгеттерді қалыңдатып, құмқап төсеу, халықты құлақтандыру, үйлерді аралау, уақытынан бұрын эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте 61 адам эвакуацияланды. Шаған өзенінің бойындағы «Стеновик» баубақша серіктестігінде бөгеттен су кіріп кеткен болатын. Сол себепті шұғыл түрде эвакуация жұмыстары жүргізілді», - деді ол.

Нұржан Төлеуіш тұрғындар арасында тасқыннан қауіп келетініне сенбейтіндер бар.

«Эвакуациядан бас тартқан адамдар бар. Басты себебі – олардың сенбеуі. Көбінесе судың келетініне сенбейтіндерін айтып жатыр. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты мәжбүрлеп эвакуация жасау жөн деп ойлаймын. Өйткені судың келетін деңгейі әлі де көтеріледі деген болжам бар. Құлақтандыру жұмыстарына келсек, әр екі сағат сайын теле, радио арналардан тікелей хабарландыру беріп жатырмыз. SMS арқылы, Instagram, Telegram желісі арқылы, жергілікті БАҚ арқылы да хабарлап жатырмыз. Қазіргі таңда 13 880 адам эвакуацияланды. Оның 2 300-і эвакуациялық пунктерді паналап жүр», - деді ресми өкіл.