ТЖМ: Алдағы күндері тауларда қар көшкіні жүруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – ТЖМ-нің Қазселденқорғау мекемесі қар көшкіні қаупі бар аумақтарға тұрақты мониторинг жүргізіп жатыр. Мамандар 255 жерүсті тексеру өткізіп, ықтимал қауіпті аймақтарға 110 ескерту белгісін орнатқан.
Бақылаулар нәтижесінде таулы өңірлерде қар жамылғысының қарқынды жиналуы жалғасып жатқаны және өздігінен қар көшкіні жүру қаупі сақталып отырғаны анықталды.
2025-2026 жылдардағы көшкін қаупі бар кезең басталғалы бері, яғни 2025 жылғы қарашадан бастап Алматы қаласы мен Жамбыл облысы аумағында жалпы көлемі 55 260 текше метр қар массасын құрайтын 23 өздігінен қар көшкіні тіркелген.
Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласында, Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облысы аумақтарында жалпы көлемі 24 376 текше метр болатын 32 профилактикалық қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізілді.
- Қазіргі уақытта Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары таулы аймақтарында қар жамылғысының биіктігі қалыпты деңгейден жоғары. Қазгидромет болжамына сәйкес, 2026 жылғы 19-20 ақпанда оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің тауларында жауын-шашын – жаңбыр мен қар күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар жамылғысы орташа деңгейде. 19 ақпанда күннің жылынуына байланысты жауын-шашын, кей жерлерде қалың қар және боран болжанып отыр. 20 ақпанда ауа температурасының күрт төмендеуі ықтимал, - делінген ақпаратта.
Мамандардың айтуынша, күннің жылынуы, қар жаууы, жауын-шашын, боран және температураның ауытқуы таулардағы қар жамылғысының тұрақсыздығын күшейтеді. Алдағы күндері өздігінен қар көшкіні жүру ықтималдығы жоғары.
ТЖМ көшкін қаупі жарияланған кезеңде таулы аймақтарға бармауға, тауға шығар алдында ауа райы болжамымен танысуға, маршрутты алдын ала жоспарлауға, дайындалмаған жерлерде жүрмеуге және белгіленген бағыттарды ұстануға кеңес береді. Сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар учаскелер туралы соңғы ақпаратты біліп, қауіпті беткейлерден аулақ болу қажет.
Қалың қар жауған жағдайда тауға шығуды қар қабаты тұрақталғанға дейін 2–3 күнге кейінге қалдыру ұсынылады.
Айта кетейік, Шымбұлақ маңында қар көшкіні астында қалған адам құтқарылды.