Биылғы көктемгі шақыру науқаны аясында ведомствоның әскери бөлімдеріне еліміздің 16 өңірінен 400-ден астам әскерге шақырылушы жіберіледі.
Министрлік мәліметінше, мерзімді әскери қызметтен кейін келісімшарт негізінде қызметін жалғастыратын сарбаздар саны артып келеді. Мәселен, өткен шақыру қорытындысы бойынша 51 әскери қызметші келісімшартпен қызмет атқаруға шешім қабылдаған.
Әскерге шақырылушыларды сапалы іріктеу үшін төтенше жағдайлар департаменттері мен әскери бөлімдерде арнайы жұмыс топтары құрылған. Олардың құрамына офицерлер, медицина мамандары мен психологтар енгізілген.
– Бұл болашақ әскери қызметшілердің денсаулық жағдайы мен кәсіби жарамдылығын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ТЖМ қарамағында азаматтық қорғаныстың бес әскери бөлімі жұмыс істейді. Олар Қарағанды, Ұзынағаш ауылы, Семей, Ақтөбе және Ақкөл қалаларында орналасқан.
Сонымен қатар екінші құтқару батальондары Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында қызмет атқарады.
Министрлік әскери қызметшілердің білім алуына да ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. «Мерзімді әскери қызметшілер – 2.0» бағдарламасы аясында өткен жылы 59 сарбаз жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік білім гранттарын иеленген. Оның ішінде 23 әскери қызметші әскери жоғары оқу орындарына қабылданған.
Бұдан бөлек, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында білім беру ұйымдарымен 20 меморандум жасалған. 500-ден астам әскери қызметші жүргізуші, аспаз, газэлектрдәнекерлеуші, альпинист, мобилограф және ұшқышсыз ұшу аппараттарының маманы секілді қосымша мамандықтар бойынша білім алған.
Айта кетейік, ТЖМ әскери бөлімдері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету міндетін атқарады.
Қазір Қазақстан әскері ұрыс қимылдарының жаңа форматына бейімделіп жатыр.