ТЖМ былығы: Қызметкерлер адам құтқарудың орнына бастығының үйін салған

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола гарнизоны әскери соты төтенше жағдайлар жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министр И.Күлшімбаевқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров журналистерге арналған брифингіде мәлімдеді. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Ол Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінің басшылығына жеке үйінің құрылысына әскери қызметкерлер мен арнайы техника тарту туралы заңсыз нұсқау беріп, қызмет бабын асыра пайдаланды деп танылды», - деді Д. Биғайдаров. 

Сот үкімімен И.Күлшімбаевқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. 

Сонымен қатар сот Мемлекет басшысының атына Күлшімбаевты генерал-майор әскери атағынан айыру туралы ұсыныс енгізуге қаулы етті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.