ТЖМ-ға табиғи өртке қарсы республикалық оқу-жаттығу өткізу тапсырылды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігіне мамыр айының соңына дейін табиғи өртке қарсы республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу өткізуді тапсырды.
— Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мамыр айының соңына дейін табиғи өртке қарсы республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуларын өткізсін. Онда трансшекаралық өртті сөндіру және көрші мемлекеттердің қызметтерімен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау керек, — деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Олжас Бектенов өрттің алдын алу үшін авиацияны пайдалану мәселесін көтерді.
— Өрт қаупі жоғары өңірлерде мемлекеттік авиацияның өрт сөндіруге арналған тікұшақтарының кезекшілігін ұйымдастыру мәселесін қараңыздар. Орман алқаптары мен ашық жерлерді шолып шығу үшін пилотсыз ұшатын аппараттарды пайдалану керек, — деді Үкімет басшысы.
Айта кетелік Олжас Бектенов Павлодар және Абай облысында болған табиғи өрт кезінде мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі сақталмағанын сынға алған еді.