ТЖМ қызметкерлері Алакөлде алты адамды құтқарды

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының Алакөл көліндегі құтқару станциясына Мақаншы ауданындағы Аралтөбе аралында болған демалушылар тобының өздігінен жағаға жете алмай жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Фото: ТЖМ

Құтқару жұмыстарына Жедел-құтқару жасағының күштері дереу жұмылдырылды. Жағалаудан шамамен 11 шақырым қашықтықта құтқарушылар алты адамды, оның ішінде төрт баланы анықтады.

Оқиғаның алдын ала себебі үрлемелі қайықтың аккумуляторының істен шығуы болған. Соның салдарынан демалушылар жағалауға өздігінен жете алмаған.

ТЖМ қызметкерлері қайықтағы барлық азаматты қауіпсіз түрде эвакуациялап, жағаға жеткізді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Айта кетейік, Үкімет Алакөл жағалауын қорғайтын бөгет салуға 3 млрд теңге бөлді.