ТЖМ құтқарушылары Алматы тауында жараланған туристке көмек көрсетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Титов көлінің кемпинг-аймағында туристердің бірі медициналық көмекке мұқтаж болғаны туралы хабарлама Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушыларына түсті.
ТЖМ мәліметінше, оқиға теңіз деңгейінен 3360 метр биіктікте болған. Республикалық жедел-құтқару жасағының тобы Медеу бекетінен қажетті құралдармен жолға шықты. Құтқарушыларға «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы жұмылдырылды.
«Құтқарушылар науқасты эвакуациялап, Боралдай әуежайына жеткізді. Зардап шеккен адам ТЖМ Медициналық апаттар орталығының дәрігерлеріне тапсырылды. Қасындағы екі турист эвакуациядан бас тартты», – делінген хабарламада.
Ведомство эвакуация барлық қызметтердің үйлесімді әрекетінің арқасында сәтті және уақытылы аяқталғанын атап өтті.
Айта кетейік, Күйгенсай шатқалында туристерге арналған жаңа жаяу жүргіншілер көпірі ашылады.