ТЖМ маманы өрттің негізгі шығу себептерін атады

Фото: Алматы облысы ТЖД

АСТАНА. KAZINFORM – Қысқы жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау аса маңызды. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Елдос Зияда Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

– Жылыту маусымы басталғалы бері елімізде тұрғын үй секторында 870 өрт тіркелді. Өрттердің негізгі себептері - пештерді дұрыс пайдаланбау, ақаулы пештерді қолдану, электр сымдарының ақауы және отты абайсыз пайдалану, – деді Елдос Зияда.

Оның айтуынша, ақаулы пештерге қатысты ең жиі кездесетін мәселелер - мұржалардың тазаланбауы, жарықтардың болуы, есік-қақпақтарының дұрыс жабылмауы, жанғыш материалдардың пеш маңында сақталуы және от жағу үшін түрлі тез жанатын сұйықтықтардың қолданылуы.

– Құтқарушылар аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында халықпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде, – деп атап өтті маман.

Сондай-ақ ол өрт шыққан жағдайда шұғыл түрде 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу керектігін еске салды.

– Ең бастысы өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ғимараттан дереу шығу қажет. Ал өрт сөндіру бригадалары оқиға орнына жеткеннен кейін тиісті жұмыстарды жүргізеді, – деді Елдос Зияда.

Еске салсақ,Түркістан облысында тұрғын үйде болған өрттен 12 адам мерт болды.

Сонымен қатар осы төтенше оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.