ТЖМ-нің бір топ білікті маманы Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына жіберілмек

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат -  Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың төрағалығымен Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы көктемгі су тасқынына дайындық мәселесін саралаған селекторлық кеңес өтті.

 Өткен жұмада болған мәжіліске  Астана, Алматы ТЖ департаменттері, сондай-ақ тиісті қызмет және ұйым жетекшілері қатысты.

«Казгидрометтің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып министр өз сөзінде, Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында күннің күрт жылынатындығын, бұл жағдайдың су тасқыны қаупін тудыратындығын атап өтті.

 Кеңес барысында Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Қызылорда облыстары ТЖ департаментінің басшылары өңірлердегі  қолға алынып жатқан су  тасқынының алдын алу жұмыстары жайлы есеп берді.

Кеңесті қортындылай келе В. Божко, министрліктің білікті мамандары тобын Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан  өңірлеріне жіберу, сондай-ақ қауіпті жағдай туындар болса  шұғыл қимылдау үшін құтқару күші мен авиацияны тарту жөнінде тапсырма берді.