ТЖМ облыстық департаменті кезекті жоспарлы сабақтар өткізді

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті «Жер сілкінісі болғанда орын алуы ықтимал жағдайлар» тақырыбы бойынша аудандық және қалалық төтенше жағдайлар бөлімдерінің басшыларымен кезекті жоспарлы сабақтар өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, бұл тақырып кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Алматы облысының аумағы цунамиден басқа, төтенше жағдайлардың барлық түріне бейім. Дегенмен, Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтері жиі тіркейтін апаттар - жер сілкіністері мен жерасты дүмпулері. Өткен 2008 жылы Жетісуда күші Рихтер бағамы бойынша 2 балдан алты жер сілкінісі тіркелген (2007 жылы 4 жер сілкінісі болған). Сейсмографтар Алматы қаласы мен Алматы облыстарында жыл сайын 400-дей жер бетінің тітіркеністерін тіркейді. Сейсмологиялық қызметтердің мәліметтері бойынша, облыс аумағында 4 эпицентр бар, олар Құрмет ауылының батысына қарай 10 шақырымдай қашықтықта, Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылының оңүстік-шығысына қарай 5 шақырым жерде, Алматы қаласының оңтүстік-батысында 20 шақырымдай жер мен Текелі қаласының шығысына қарай 120 шақырымдай жерде орналасқан. Сабақтар барысында командалық-басшылық құраммен өткен жылы мамыр айында Қытайдың Сычуан провинциясында 60 мың адамның өмірін қиған, 2008 жылдың қазан айында Қырғызстанда 75 адамның өмірін қиған жерасты дүмпулері кезіндегі шұғыл қызметтердің әрекеттері егжей-тегжейлі талданды.