ТЖМ өрт сөндіру техникасының тапшылығы мен тозуы туралы пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков өрт сөндіру техникасының тапшылығы мен тозуы туралы журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да техниканың жетіспеушілігі мәселесі бар, бірақ қазіргі уақытта техниканың жабдықталуы – 89%, оның ішінде 440 техникаға қосымша қажеттілік бар. Үш жыл ішінде біз 242 техника сатып алдық, биыл 180-ге жуық техника алуды жоспарлап отырмыз. Жергілікті атқарушы органдарға да техника береміз, бірақ олардың өздері де ТЖМ-ге қарамай, қосымша техниканы сатып алуы керек. Егер әкімдік те техниканы сатып алса, ешқандай проблема болмас еді», - деп түсіндірді Марат Күлдіков Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге, вице-министр кейбір кезекші бөлімдерде жарты ғасырдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан техника туралы ақпаратты теріске шығарды.

«Жоқ, бұлай деп айту мүмкін емес. Мен техниканың жабдықталуы 89% екенін айттым. Иә, бізде 10 жылдан астам уақыт қолданылған ескі техника бар, бірақ олардың саны көп емес. Егер үш жыл бойы дәл қазіргідей қаржыландыратын болсақ, 3-4 жыл ішінде толық қажеттілігімізді жабамыз», - деді Марат Күлдіков.