ТЖМ: Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға 25 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда биылғы шомылу маусымы басталғалы судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Осы уақыт ішінде 36 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарын бұзған 1 780 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: Тастан Тоянов

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды. Министрліктің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы су айдындарында ТЖМ қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлердің қатысуымен күн сайын рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу жүргізіліп келеді.

– Биыл барлығы 36 мың рейдтік іс-шара мен патрульдеу жүргізілді. Соның нәтижесінде 1 780 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 25 миллион теңге айыппұл салынды, – делінген министрліктің жауабында.

ТЖМ мәліметінше, рейдтер мен патрульдеу жұмыстары шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

Өңірлерді дамытудың 2026–2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Ұлытау облысының Жезқазған қаласында, Алматы облысының Қонаев қаласында, Абай облысының Семей қаласында, Щучье көлі жағалауында және Ақмола облысының Қосшы қаласында бес жедел-құтқару жасағын салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, судағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында 10 құтқару бөлімшесі мен посты ашылды. Оның жетеуі туристік аймақтарда орналасқан.

Министрліктің мәліметінше, соңғы екі жылда құтқару бөлімшелері 36 заманауи жүрдек катермен жабдықталды.

– Бұл төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын қысқартып, судағы авариялық-құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, – делінген министрліктің жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі биыл суға кетумен байланысты қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған жерлерде, әсіресе өзендерде тіркелгенін мәлімдеген болатын.