ТЖМ суға шомылу кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелерін еске салды

АСТАНА. KAZINFORM – Шомылу маусымында су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі тыйым салынған және шомылуға жабдықталмаған жерлерде болады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

– Балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеңіз. Тыйым салынған және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған жерлерде шомылмаңыз, – деп ескертті ТЖМ.

Сондай-ақ мас күйде суға түсуге, шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзуге және шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындауға болмайды.

Министрлік тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуден, жүзуге арналмаған заттарды пайдаланудан бас тартуға шақырады.

– Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, табиғи жартастардан, тастардан, қоршаулардан және осы мақсатқа арналмаған өзге де құрылыстардан суға секірмеңіз, – делінген хабарламада.

ТЖМ судағы қауіпсіздік қарапайым ережелерді сақтаудан басталатынын және әсіресе балаларды үнемі ересектердің бақылауында ұстау қажеттігін еске салды.

Айта кетейік, Павлодарда Сәтбаев атындағы каналда ер адам суға батып кетті.