ТЖМ табиғат аясында демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырып отыр

СТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Төтенше жағдайлар министрлігі табиғат аясында демалатын азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырып отыр.

«Ұлттық саябақтар мен орман ішінде, далалы алқаптарда демалатын еліміздің барлық азаматтары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырамын. Себебі, бүгінде өте жоғары өрт қауіптілігі бар. Кез келген сөндірілмеген от немесе автокөлік терезесінен тасталған темекі тұқылы үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Демалыс орнынан кетер алдында отты мұқият өшіріп, бұған сақтықпен қараған жөн»,- деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров Үкіметте өткен селекторлық кеңестен кейін.

Биылғы жылдың 7 айында мемлекеттік орман қоры аумағында 363 өрт тіркелді. Осы өрттің салдарынан тілсіз жау шарпыған аумақтың жалпы ауданы 4 мың гектар жерді қамтыған, сондай-ақ материалдық шығын 35 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды. Республиканың жазық жерлерінде жалпы аумағы 55 мың гектар алқапқа жайылған 169 өрт тіркелді. Осының салдарынан келген шығын 4 миллион теңгені құрады.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов орман аумақтарының қасақана өртелуіне жол бермес үшін бұл мәселені айрықша бақылауға алуды тапсырды. «Мен әріптестеріммен тиісті әңгіме жүргіздім. Ағаштарды кесу үшін көбіне орманды қасақана өртейді. Осының төңірегінде өзіндік бизнес бар көрінеді. Сондықтан бұл мәселе айырықша бақылауда болуы шарт», - деп атап өтті Үкімет басшысы.