ТЖМ жаңа Tesla Cybertruck көліктерін сатып алады

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару бөлімшелеріне Tesla Cybertruck көліктерін сатып алуды жалғастырады. Бұл туралы ТЖ вице-министрі Ерболат Садырбаев Үкіметтегі брифингте айтты.

Фото: ТЖД

Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін алғашқы көліктерді Алматы қаласының ТЖ департаменті сатып алған және өз тиімділігін көрсеткен. 

– Біздің министрлік дәл осындай шұғыл көмек қажет жағдайларда жұмыс істейді, мұнда әр минут маңызды. Tesla Cybertruck әзірге, артық айтпай-ақ қояйын, түрлі төтенше жағдайларға шығу кезінде өзін жеткілікті деңгейде ақтады. Біз адамдардың өмірін құтқару туралы айтып отырмыз, – деді Ерболат Садырбаев тілші сұрағына берген жауапта. 

Е. Садырбаев министрліктің автопаркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатқанын, бұл ретте техниканың тиімділігіне басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

– Болашақта бұл көліктерді тағы сатып алу жоспарда бар. Жалпы министрлік техниканы жаңарту саясатын жүргізіп отыр, мұнда негізгі назар оның тиімділігіне аударылады, – деді ол.

Бұған дейін Маңғыстау даласында ТЖМ құтқарушылары Ұлыбританиядан келген туристерге көмек көрсеткен еді.