— Әр өңірде профилактикалық, үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа ата-аналар, балалар, мектепке дейінгі ұйымдар тартылып отыр. Барлық жастағы балалар үшін ТЖМ бөлімшелеріне экскурсиялар ұйымдастырылады. Жұмыс жаз айларында да тоқтатылмайды, — деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміз бойынша білім беру ұйымдарында 2500-ден астам «Жас құтқарушы» үйірмесі мен кадет сыныптары жұмыс істейді. Бұл үйірмелер өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылға үйретеді.
— Маусым айында Көкшетау қаласында жыл сайынғы республикалық «Жас құтқарушы» жарысы өтеді. Оның қорытындысы бойынша үздік командалар халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады, — деп толықтырды Ерлан Төрегелдиев.
Сонымен қатар 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні аясында «Балалардың қауіпсіздігі — басты назарда» атты республикалық іс-шара ұйымдастырылуда. Бұл бастама қауіпсіз демалысты қамтамасыз етуге және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытудың жаңа тәсілдері қабылданатынын жазғанбыз.