Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, биыл 1 қаңтар мен 1 маусым аралығында сақтандыру ұйымдарына зейнетақы жинақтарын аудару бойынша 45 843 төлем орындалған. Аударылған қаражаттың жалпы көлемі 199,91 млрд теңге. Оған қоса, ТЖШ шегі көтерілгеннен кейін бұл үрдіс айтарлықтай жеделдеген.
– ТЖШ көтерілгеннен кейінгі алғашқы он күнде, яғни 5-15 маусым аралығында, 6 345 төлем жүзеге асырылып, олардың жалпы сомасы 34,02 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, өткен айдың дәл осы кезеңінде, яғни 5–15 мамыр аралығында – 2 984 төлем орындалып, жалпы көлемі 12,07 млрд теңге болған, – деп хабарлады БЖЗҚ Kazinform сауалына берген жауабында.
БЖЗҚ мәліметінше, 2024 жылы қор сақтандыру компанияларына зейнетақы жинақтарын аудару туралы 62 592 өтінішті орындап, жалпы 394,5 млрд теңгеден астам қаражат аударған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 91 238 өтінішке дейін өсіп, аударылған қаражат көлемі шамамен 427 млрд теңге болды.
Сонымен қатар қор мамандарының айтуынша, зейнетақы аннуитетіне деген қызығушылық артқанымен, қазақстандықтардың бұл тетік туралы хабардарлық деңгейі әлі де салыстырмалы түрде төмен.
– БЖЗҚ тәуелсіз зерттеу компаниясымен бірлесіп жүргізген жыл сайынғы әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2025 жылы сауалнамаға қатысушылардың тек 29%-ы ғана белгілі бір жасқа жетіп, жеткілікті мөлшерде жинағы болған жағдайда зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аударуға болатынын дұрыс көрсеткен. Салыстырмалы түрде алғанда, 2021 жылы бұл көрсеткіш шамамен 22% болған, – деп мәлімдеді қор.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың тек 2,6%-ы ғана сақтандыру төлемдерін зейнетақымен қамсыздандырудың негізгі көздерінің бірі ретінде атаған. Ал төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,03% болған.
Зейнетақы аннуитеті – бұл салымшы мен сақтандыру ұйымы арасында жасалатын келісімшарт. Ол азаматқа өзінің зейнетақы жинақтары есебінен өмір бойы ай сайынғы төлемдер алуға мүмкіндік береді. Бүгінде қазақстандықтар зейнетақы төлемдерін алудың бірнеше нұсқасының бірін таңдай алады:
– зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін төлемдерді белгіленген кесте бойынша тікелей БЖЗҚ-дан алу;
– қаражаттың бір бөлігін немесе толық көлемін сақтандыру компаниясына аударып, өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемдерді алу;
– екі тетікті қатар қолданатын аралас тәсілді таңдау.
Сақтандыру ұйымы арқылы төлемдерді алу үшін зейнетақы аннуитеті шарты жасалады.
Айта кетейік, Астанада зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдеді.
Сонымен қатар Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарына мемлекеттік кепілдікке қатысты түсініктеме берді.