Ұ. Қарабалин: Соңғы 5 жылда мұнай-газ саласына шамамен 20 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды

АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда мұнай-газ саласына шамамен 20 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасы 160 млрд. доллар шетелдік тікелей инвестиция тартылды. Соның ішінде 60 млрд. доллар мұнай-газ саласына. Соңғы 5 жылда мұнай-газ саласына шамамен 20 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар соңғы 20 жылда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге артып, 80 млн. тоннаға қол жеткізілді.

«Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 17-ші орындамыз. Ал газ бойынша 5 есеге артып, 40 млрд. текше метрге жетті. Әлем бойынша 29-шы орындамыз»,-деді Ұ. Қарабалин.