Уәде бар, нәтиже жоқ: Атырауда апатты үй тұрғындары қауіппен өмір сүріп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы Қаршыға Ахмедияров көшесіндегі № 2 апатты тұрғын үйдің тұрғындарына берілген көшіру туралы уәде әлі орындалмаған.

Фото: Видеодан скрин

Қауіпті деп танылған ғимараттың тұрғындары қабырғасы жарылып, төбесі сөгіліп жатқан үйде өмір сүріп жатқанын айтып, көшіру жұмыстарын жеделдетуді сұрайды.

Тұрғындардың сөзінше, 4 қабатты үй 1960 жылдары салынған. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғалары жарылып, төбесі сөгіліп, іргетасы үгітіле бастаған. Ауыр жүк көліктері өткен сайын үй дірілдеп, қабырғалар қозғалады дейді тұрғындар.

Фото: Видеодан скрин

— Үй ескі, апатты деп танылған. Әкімдік қызметкерлері бірнеше рет келіп, тексеріп, барлық кіреберісті құжаттады. Бізге 2026 жылы көшіреміз деп айтқан болатын. Бірақ үйдің жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Жаңбыр жауған кезде су екінші қабатқа дейін ағады, — дейді тұрғын Анар Қалиева.

Үйдің бірінші қабатында кәсіп жүргізіп отырған кәсіпкерлер де мәселенің шешілмей келе жатқанына алаңдаулы. Олардың айтуынша, жаңбыр жауған сайын кәріз жүйесі тасып, кәсіп нысандарын су басады.

— Дүкенімнің ішін үнемі су алып кетеді. Апта сайын арнайы техника шақырып, суды сорғызуға мәжбүрмін. Әр шақырған сайын 25 мың теңге шығын кетеді, — дейді кәсіпкер Әсемгүл Молдашева.

Фото: Видеодан скрин

Апатты үйде тұратын атыраулықтардың айтуынша, бұған дейін Атырау қаласының әкімімен кездесуде бұл тақырып көтеріліп, үйді көшіру мәселесі шешіледі деген уәде берілген. Алайда арада уақыт өтсе де нақты жұмыс басталмаған.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары Олжас Хасановтың мәліметінше, қалада бүгінде апатты деп танылған 89 тұрғын үй бар. Оларды көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

— Биыл бұл үй көшіріледі деп айта алмаймын. Барлық апатты үйлерді зерделеп, басымдықтарды анықтауымыз қажет. Сонымен қатар бюджетте осы үйдің барлық тұрғынын қамтамасыз ететіндей тұрғын үй қоры болуы керек, — деді Олжас Хасанов.

Бұған дейін 2 жыл бұрын тасқын кезінде үйлері апатты деп танылып, өтемақы алған 99 тұрғынды Жылыой ауданы әкімдігі сотқа бергені жөнінде жазған едік.