Уақыт белдеуіне ағзамыз бейімделіп жатыр – Петиция қаралымында не айтылды
АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігінде уақыт белдеуіне қатысты петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.
Жұмыс тобына Парламент депутаттары, петицияның бастамашы тобы, қоғамдық бірлестік сарапшылары, денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, ТЖ, еңбек және әлеуметтік қорғау, сауда және интеграция министрліктерінің және басқа да меморгандардың өкілдері енген. Бастамашы топ өкілі Әсет Наурызбаев петициямен 50 мың дауыс жиналудың екі негізгі себебін атады:
«Біріншіден – бұл циркадтық ырғақтардың бұзылуы, біздің еліміз сияқты үлкен елде бір жалпы уақыт белдеуін адамдардың табиғи ырғағына жақындату мүмкін емес. Екіншіден – кешкі уақытта артық сағат жеке және заңды тұлғалардың шығындарына әкеледі. Табиғи циркадтық ырғақтарға жақындауымыз керек», – деді ол.
Алайда медицина ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жалпы биология және геномика кафедрасының профессоры Бек Жетпісбаев, керісінше, биылғы наурыз айынан бастап қазақстандықтар табиғи уақытқа сәйкес өмір сүре бастағанын және қазір бейімделу процесі жүріп жатқанын атап өтті.
«Стресске бейімделудің өзіндік түрлері мен кезеңдері бар, оларды канадалық ғалым Ганс Селье анықтады. Бірінші кезең – мазасыздық. Иә, біз физикалық фактордың ағзаға әсер етуіне тап болдық. Дегенмен, біздің биоритмдеріміз жаңа факторларға бейімделеді және биологиялық сағаттарымыз жұмыс істейді. Біз әртүрліміз және бейімделу процесі де әртүрлі жолдармен жүреді», - деді Б.Жетпісбаев.
Психолог және петиция авторларының бірі Евгений Ян логистика мен көлікті жеңілдету, бизнеске ыңғайлылық және коммуникацияны жеңілдету сияқты бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің артықшылықтарымен қатар, адамның биоритмдері бұзылды, еңбек өнімділігі төмендеді деп санайды.
Ол ұсынған деректерге сәйкес, күннің ерте шығуы мелатонин секрециясын тежейді және терең ұйқы фазасын тоқтатады, бұл болашақта ұйқының бұзылуына, кешке ұйқышылдыққа, психикалық бұзылулардың нашарлауына әкелуі мүмкін. Медициналық психолог халықтың денсаулығын жақсарту мен әлеуметтік шиеленісті азайту үшін уақытты оңтайлы уақыт белдеулеріне ауыстыру орынды шешім болады деп санайды.
Өз кезегінде, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биофизика және биомедицина меңгерушісі және профессоры Сұлтан Тілеуханов бүкіл аумақта бірыңғай уақытты қолданған Қытайды мысалға келтірді. Оның айтуынша, халықтың көпшілігі – студенттер де, ересектер де сағат 22.00 шамасында жарықты сөндіріп, таңғы 6-да тұрады. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде кеңінен қолданылады.
Жалпы жұмыс тобының бірінші отырысында петиция авторлары сөз сөйледі және екі тарап сарапшыларының дәлелі тыңдалды. Талқылаудың барлық аспектілері бейнетүсірілім және аудиожазбада жазылып алынды. Отырыста көтерілген мәселелер мен дәлелдер келесі отырыста талқылауды жалғастыру үшін мұқият зерделенеді.